Қазақстан УЕФА-ға қабылданды.
Стокгольмде өткен УЕФА Конгресінде Қазақстан футбол одағы Еуропа футбол қауымдастықтары одағының құрамына қабылданды.
Алғашқы ойын.
Қазақстан Ұлттық құрамасы УЕФА аясында алғашқы матчын өткізді. Алматыда Эстония құрамасымен өткен жолдастық матч 1:1 есебімен аяқталды.
Чемпиондар Лигасының бастауы.
Қазақстан клубтары еурокубокта алғашқы ойындарын өткізді. Қазақстан чемпионы «Жеңіс» Чемпиондар Лигасының бірінші іріктеу кезеңінде молдовалық «Шериф» клубымен кездесті. Тираспольдық команда жарты жылдан кейін Мәскеуде өткен Достастық Кубогының жеңімпазы атанды. Тираспольде өткен алғашқы ойын 2:1 есебімен Молдова чемпионының пайдасына шешілді. Қарымта ойында «Жеңіс» 3:2 есебімен жеңіске жетті, бірақ келесі айналымға сырт алаңда соғылған голдардың саны бойынша «Шериф» шықты.
УЕФА Кубогына қатысу.
Қазақстан вице-чемпионы «Атырау» мен ел кубогының иегері «Қайрат» УЕФА Кубогының іріктеу кезеңіне қатысқан алғашқы қазақстандық клуб атанды. «Атырау» екі ойын қорытындысы бойынша Словакияның Пухов қаласының «Матадор» командасына есе жіберді (өз алаңында — 0:0 және сырт алаңда — 0:2). «Қайрат» Югославияның Белград қаласының клубы «Црвена Звездадан» айласын асыра алмады (өз алаңында — 0:2 және сырт алаңда — 0:3).
«Әліби» жорығы.
Алматылық «Әліби» мини-футбол клубы футзалдан УЕФА Кубогына қатысты. Қазақстандық клубтың топтық кезеңдегі қарсыластары «Зрински Карака» (Босния және Герцеговина), «Клирекс» (Польша) және «Антена 3 Бумеранг» (Испания) атанды. Топтық кезеңдегі барлық матч Босния және Герцеговинада өтті. Қазақстандық футболшылар алаң иелерінен 1:3, испаниялықтардан 1:11 есебімен жеңілді. Ал, польшалық клубпен 4:4 есебімен тең ойнады.
Леннарт Юханссон сапары.
УЕФА президенті Леннарт Юханссон Қазақстанға ресми сапарын жасады. Еуропалық футбол басшысымен бірге УЕФА вице-президенті Пер-Равн Омдал, УЕФА бас директорының орынбасары Маркус Штудер және УЕФА қазынашысы Джо Шпрингерс келді. Алматыда Леннарт Юханссонның Парламент Сенатының төрағасы Оралбай Әбдікәрімов және қала әкімі Виктор Храпуновпен кездесуі өтті. Леннарт Юханссонның сапарының мақсаты қазақстандық футболдың жағдайымен танысу болды.
Әйелдер құрамасының жеребесі.
Қазақстан әйелдер құрамасы арасында алғаш рет Еуропа чемпионатының жеребе тарту рәсіміне қатысты. Біздің команданың қарсыластары Израиль, Беларусь және Эстония атанды.
Жасөспірімдер жарысқа араласты.
17 және 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамалары арасында Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне жеребе тарту рәсімі өтті. Қазақста жеребе тарту рәсіміне алғаш рет қатысты. 17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының қарсыластары Украина, Молдова және Эстония, 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасының қарсыластары Австрия, Югославия және Швеция болды.
Жаңа бапкер — Пахомов.
Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне ресейлік маман Леонид Пахомов тағайындалды. Ол ел құрамасын жаттықтырған алғашқы шетелдік бапкер атанды.