Төртеудің финалы.
Алматылық «Қайрат» соңғы төрт маусымда үш рет УЕФА Кубогында төртеудің финалына шықты. 2008/2009 маусымда төртеудің финалы Ресейдің Екатеринбург қаласында өтті. Үшінші орын үшін ойында қазақстандықтар мәскеудің «Динамосын» 1:0 есебімен ұтты.
Йозеф Блаттер — Алматыда.
ФИФА президенті Йозеф Блаттер бастаған делегация 29 сәуірде Алматыға келді. Сонымен қоса, делегация құрамында ФИФА-ның дамуы бойынша менеджері Ева Паскье, ФИФА президентінің көмекшісі Гай-Филипп Матье және ФИФА президентінің медиа-атташесі Даниэла Лееб болды. Қазақстан қонақтары үшін бұл күн өте маңызды өтті. Түске дейін Қазақстан футбол федерациясының жетекшілерімен кездесу өтті. Одан кейін Блаттер мырза Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Елбасы ФИФА басшысына «Достық» орденын сыйға тартты. Содан соң Блаттер мырза мен ҚФФ президенті Әділбек Жақсыбековтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Кешке ФИФА делегациясы Қазақстан Республикасының Президенті Кубогы халықаралық турнирінің топтық кезеңінің соңғы ойынындағы «Семей-93» және «Рубин» командалары арасындағы матчты тамашалады.
«Астана Аренаның» ашылуы.
3 шілдеде Астанадағы жаңа стадионның салтанатты ашылуы өтті. Кейін «Астана Арена» атауына ие болған стадион сыйымдылығы 30 000 орын. Кешеннің төбесі жылжымалы, заман талаптарына сай жасанды футбол алаңы төселген. Ашылу салтанатында жанкүйерлерді алаң ортасында орналасқан шаршы қызықтырды. Шаршының ішінде не орналасқанын олар шараның соңында ғана білді. Жанкүйерлерге екі мыңнан астам адамның қатыусымен театрландырылған әсерлі көрініс ұсынылды. Көріністің соңында Астана мен Қазақстанның үлкен тулары пайда болды және еліміздің әнұраны орындалды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алғыс сөз сөйледі.
«Астана күні қарсаныңда біз қазақстандықтарды жаңа кешендермен қуантамыз. Бүгінгі күн ерекше, біз әлемдегі ең жақсы стадиондарының бірін ашудамыз. Бұл кешендер біздің өңірде жоқ. Жабық стадион УЕФА-ның барлық талаптарына сай және ол біздің спортшыларға кыста да, жазда да жаттығуға мүмкіндік береді»,- деп атап өтті Елбасы. Жанкүйерлер алдында стадион құрылысымен айналысқан түрік құрылыс компаниясының өкілі Талғат Адырбеков те сөз сөйледі.
Содан соң, «Ринго» тобының әні орындалып, ұйымдастырушылар шаршыны ашты. Одан үлкен доп шығып, аспанға көтерілді. Сондай-ақ, жүзден астам доптарды жас футболшылар жанкүйерлерге таратты. Осыдан кейін стадион тарихындағы алғашқы матч басталды. Астаналық «Локомотив» пен Қазақстан жастар құрамасымен кездесті. Командар құрамында әлемдік деңгейдегі футбол жұлдыздарының бар болғаны жанкүйерлерге тосынсый болды. Қазақстан жастар құрамасының сапында Грузия құрамасы мен италиялық «Миланның» ойыншысы Каха Каладзе, Украина құрамасы мен ағылшындардың «Челси» командасының шабуылшысы Андрей Шевченко ойнады. Ал, «Локомотив» сапында әйгілі түрік ойыншылары Хасан Шаш пен Хакан Шүкір доп тепті. Матч басында белгілі италиялық төреші Пьерлуиджи Коллина ысқырық шалғаннан кейін, допты ойынға Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қосты.
«Атырау» алған кубок.
2009 жылғы Қазақстан Кубогының финалы «Астана Аренада» стадионында өтті. Шешуші сында «Атырау» мен «Шахтер» командалары кездесті. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен УЕФА басшысы Мишель Платини тамашалаған матч атыраулықтардың жеңісімен аяқталды. Марапаттау рәсіміне Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков пен Мишель Платини қатысты.