Футзалдан алматылық «Қайрат» екінші рет УЕФА Кубогының жеңімпазы атанады. Финалдық ойында Какау командасы атақты «Барселонаны» ұтты.
27 тамыз күні «Астана» Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне өткен тұңғыш қазақстандық клуб. Екі ойынның нәтижесінде Стойлов командасы кипрлық АПОЭЛ-ды жалпы нәтиже бойынша 2:1 есебімен ұтты (үйде 1:0, сырт алаңда 1:1). Топтық кезеңде қазақстандық команданың қарсыластары «Бенфика», мадридтік «Атлетико» және түріктердің «Галатасарайы» болды.
28 тамыз күні Алматының Орталық стадионында КСРО құрамасы мен алматылық «Қайрат» клубының атақты футболшысы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Сейілда Икрамұлы Байшақовтың 65 жылдық мерейтойына орай «Қайрат» және «Арлан» клубының ардагерлері арасында матч өтті. Ойын 3:2 есебімен Байшақов командасының жеңісімен аяқталды.
«Қайрат» құрамында бұл күні алаңға Құралбек Ордабаев, Юсуп Шадиев, Вахид Масудов, Михаил Гурман, Александр Мазманьян, Бақтияр Байсейітов, Дмитрий Огай, Руслан Балтиев және т.б. қазақстандық футболдың атақты футболшылары шықты.
«Арлан» командасына да бұрынғы белгілі футболшылар ойнады. Олар – Асхат Қадырқұлов, Болат Есмағамбетов, Сергей Волгин, Фанас Сәлімов және т.б.
Жолдастық матч аса тартысты өтті. «Қайрат» командасы Руслан Балтиев пен Телеухан Тұрмағамбетов соққан голдардан кейін 2:0 есебімен алға шықты. Алайда, «Арлан» футболшылары Марат Әбділдабеков соққан қос голдан кейін таразы басын теңестірді. Дегенмен, жеңіс голын «Қайрат» ойыншысы Берік Арғымбаев соқты. Қорытынды есеп – 3:2.
Астанада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионда КСРО спорт шебері, Қазақстанның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, алматылық «Қайраттың» ардагері, Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Сейілда Икрамұлы Байшақовтың 65 жылдық мерейтойына арналған жолдастық матч өтті.
Жасыл алаңға Қазақстан футбол федерациясы мен Лига кеңесінің командасы шықты. Сейілда Байшақов Қазақстан футбол федерациясы командасының капитаны болды. Ойын 3:1 есебімен ҚФФ жеңісімен аяқталды. Федерация сапынан Бағлан Ергешев, Нүркен Мазбаев және Азамат Айтқожин гол соқса, Лига кеңесінен Бауыржан Сейсенбеков көзге түсті.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Катарға жасаған ресми сапарының аясында Қазақстан футбол федерациясы мен Катар футбол қауымдастығы арасында ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылды.
Келісімге Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов пен Катар футбол қауымдастығының вице-президенті, Азия футбол конфедерациясының вице-президенті Сауд Аль Моханнади қолдарын қойды.
22-27 қазан аралығында Уэльстің Ньюпорт қаласында 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінің бірінші тобының матчтары өтті. Бұл топта алаң иелері Уэльстен бөлек, Албания, Нидерланд және Швейцария құрамалары ойнады.
Бұл турнирге Қазақстаннан екі төреші тағайындалды. Александр Алиев бас төреші қызметін атқарса, Сергей Васютинге бас төрешінің көмекшісі міндеті жүктелді.
Александр Алиев Нидерланд – Уэльс (1:2) және Албания – Нидерланд (0:5) матчтарына төрелік етіп, 7 сары қағаз көрсетті. Сергей Васютин аталған екі ойыннан бөлек, Уэльс – Албания матчында исландиялық рефери Тороддур Яльталинге көмектесті.
22-27 қазан аралығында Черногорияның Подгорице және Даниловград қалаларында 17 жасқа дейінгі қыздар арасында Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінің матчтары өтті. 11-ші іріктеу тобында алаң иелерінен бөлек, Исландия, Фарер аралдары және Финляндия құрамалары ойнады.
Черногорияда өткен турнирде қазақстандық екі төреші тағайындалды. Лилия Хасанова (Алматы) бас төреші қызметін атқарса, Анастасия Акимоваға (Қостанай) бас төрешінің көмекшісі міндеті жүктелді.
Лилия Хасанова Исландия – Фарер аралдары (8:0) және Фарер аралдары – Черногория (1:3) матчтарына төрелік етті. Қазақстандық төреші үш сары қағаз көрсетіп, бір пенальти белгіледі.
Исландия – Фарер аралдары матчында Лилия Хасановаға Анастасия Акимова мен Саня Рудович (Черногория) көмектесті. Екінші ойында қазақстандық төрешілерден бөлек Полихени Иродоту (Кипр) жұмыс істеді.
Сонымен қатар, Анастасия Акимова топтағы екінші орын үшін өткен Исландия – Черногория (3:0) матчында қызмет атқарды.