Футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіндегі алғашқы ойынын Ресей құрамасымен өткізді.

Ромуло соққан екі голдан кейін Ресей құрамасы алға шықты. Бір минут өткеннен кейін Игита пасын қақпаға бағыттаған Серік Жаманқұлов есеп айырмасын қысқартты. Бұл Қазақстан құрамасының Еуропа чемпионатының тарихында соғылған алғашқы голы болды. Өкінішке қарай, Какау шәкіттерінің әрі қарай есепті өзгерте алмады.

 

Футзалдан Қазақстан құрамасы Сербияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатында екінші ойынын өткізді. Хорватия құрамасымен өткен кездесуді Какау шәкірттері белсенді бастап, 6-минутта есеп ашты.

Павел Такудың соққысынан кейін қақпа бағанасынан қайтқан допты Дуглас қақпаға дарытты. Алайда бір минуттан соң Хорватия ойыншылары қарымта қайтарды. Дегенмен, Дінмұxамбет Сүлейменовке өз құрамасын қайтадан алға шығаруға 15 секунд қажет болды.

Әрі қарай Серік Жаманқұлов екі рет мергендік танытса, Хорватия ойыншылары тек есеп айырмасын қысқарта алды. Қорытынды есеп — 4:2. Қазақстан құрамасы тариxи жеңіске жетіп, плей-офф кезеңіне шықты.

 

Сербияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатында футзалдан Қазақстан құрамасы жеңісті жолын жалғастыруда. Какау шәкірттері топтан екінші орынмен шығып, ширек финалда Кәрі Құрлықтың чемпионы Италия құрамасымен кездесті.

Ойынның 16-минутында команда капитаны Дінмұхамбет Сүлейменовтің бұрыштама добынан берген пасынан кейін Лео қақпаға дәл соққы бағыттап, есеп ашты. Үш минуттан кейін Леоның пасын ұтымды пайдаланған Серік Жаманқұлов есепті 2:0-ге жеткізді. Ойынның алғашқы бөлігі осы есеппен аяқталды.

Екінші таймда Фортина есеп айырмасын қысқартқанымен, Шыңғыс Есенаманов жеке шеберлінің арқасында есеп айырмасын тағы да ұлғайтты. Италия құрамасы алаңда бесінші ойыншы шығарып, тағы бір гол соқты. Голдың авторы — Мауро Каналь. Алайда, әрі қарай тек қазақстандық футболшылар мергендік танытты. Алдымен Дәурен Нұрғожин Шыңғыс Есенамановтың пасын тиімді пайдаланса, соңғы секундта Лео бос тұрған қақпаны дәл көздеп, кездесу нәтижесін түйіндеді. Қорытынды есеп — 5:2.

 

Футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа Чемпионатының жартылай финалында Испания құрамасымен кездесті. Өкінішке қарай, бас бапкер негізгі құрамның екі ойыншысының көмегіне жүгіне алмады. Қақпашы Игита ескерту алуына байланысты жартылай финалға қатыса алмаса, Шыңғыс Есенаманов жарақатына байланысты алаңға шыға алмады.

Алайда, Какау шәкірттері алашқы минуттан бастап шабуылға шығып, жылдам гол соқты. Дугластың пасын Александр Довгань голға айналдырды. Дегенмен, бірінші таймның соңына дейін Испания ойыншылары қарсыластарының қателіктерін пайдаланып, 3:1 есебімен алға шықты.

Ойынның екінші жартысы Қазақстан ойыншылары сәтсіз басталды. Үлкен күшпен шабуылға ұмтылған ойыншылар бос қақпаға гол соқтырып алды. Дегенмен, біздің жігіттер есеп айырмасын бір голға дейін қысқартты. Алдымен, Михаил Першин пасын Лео ұтымды пайдаланса, кейін Дугластың соққысынан кейін Серік Жаманқұлов допты қақпаға дарытты. Алайда, соңғы голды Испания футболшылары соқты. Рауль Кампос соңғы минутта ойындағы екінші голын еншісіне жазды.

 

Еуропа Чемпионатына алғаш рет қатысқан футзалдан Қазақстан құрамасы қола жүлдені жеңіп алды. Үшінші орын үшін өткен тарихи кездесуде біздің ойыншылар Сербия құрамасымен кездесіп, 5:2 есебімен айқын жеңіске жетті.

 

22 ақпан күні Вахид Масудов Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы қызметіне тағайындалды.

 

Қазақстан Ұлттық құрамасы жаңа маусымдағы алғашқы жолдастық кездесуін Әзірбайжан құрамасымен өткізіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Түркияда өткен ойында жалғыз голы Мақсат Байжанов соқты.

 

29 наурыз күні Қазақстан Ұлттық құрамасы Тбилисиде Грузия құрамасымен жолдастық матч өткізіп, 1:1 есебімен тең түсті. Ойынның 35-минутында Азат Нұрғалиев есеп ашты. Таразы басын үш минуттан кейін Торнике Окриашвили теңестірді.

 

4-16 мамыр аралығында Беларусь Республикасында 17 жасқа дейінгі қыздар арасында Еуропа Чемпионатының финалдық кезеңі өтеді.

Бұл турнирге алғаш рет Қазақстаннан екі төреші шақыртылды. Финалдық кезеңде қызмет атқаруға ФИФА төрешісі Эльвира Нұрмұстафина (Қарағанды) мен ФИФА төрешісінің көмекшісі Кристина Янушкевич (Қарағанды) мүмкіндік алды.

Айта кетейік, турнирдің финалдық кезеңіне Беларусь, Сербия, Англия, Норвегия, Италия, Чехия, Германия және Испания құрамалары қатысады.

 

Шымкент қаласында әйелдер арасында 2017 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу турнирінің аясында Қазақстан мен Израиль құрамалары кездесті.

Кездесудің 69 минутында Мария Ялова қарсыласынан сытылып өтіп, қорғаушыны алдап, қақпаға әдемі соққы бағыттады! Қазақстан құрамасы 1:0 есебімен алға шықты. Бұл жанкүйерлер ұзақ күткен сәт еді.

Негізгі уақыт аяқталғаннан кейін Қазақстан құрамасы жеңісті тойлады. Қорытынды есеп — 1:0.

Матч соңындағы баспасөз мәслихатында Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Калоян Петков тәжірибелі ойыншылардың еңбегін атап өтіп, жас футболшыларды да мақтай түсті:

Бүгін алаңға негізгі құрамның алты ойыншысы шыққан жоқ. Олар әртүрлі жарқаттарға байланысты ойынға қосыла алмады. Кейбіреуінің ескерту қағаздары болды. Дегенмен, жас футболшылар өздерін көрсетіп, жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Голды ең тәжірибелі футболшы Мария Ялова соқты. Ол ерлік жасағанын айтқым келеді. Бірнеше күн бұрын әкесінен айырылғанына қарамастан, ойынға қатысып, бізге жеңіс әкелді.

 

7 маусым күні Қытайдың Далянь жолдастық матчта Қазақстан құрамасы Қытай құрамасын 1:0 есебімен жеңді.

Матчтың 68 минутында Дмитрий Шомко допты айып алаңына жеткізеді, әрі қарай Юрий Логвиненко берген пасты Азат Нұрғалиев голға айналдырды.

 

24 маусым күні Қазақстан футбол федерациясының кеңсесінде Қазақстан Ұлттық құрамасының жаңа бас бапкерін таныстырылды. Бұл қызметке 2016 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері міндетін атқарып келе жатқан Талғат Маруанұлы Байсуфинов тағайындалды.

Айта кетейік, Талғат Байсуфиновтің жетекшілігімен Қазақстан Ұлттық құрамасы үш матч өткізді. Оның шәкірттері Әзірбайжан мен Қытай құрамаларын жеңіп, Грузия құрамасымен тең ойнады.

 

Жаттықтырушылар штабына отандық мамандар Нүркен Мазбаев, Юрий Новиков және Андрей Ферапонтов кірді.

 

Колумбияда басталған футзалдан 2016 жылғы Әлем Чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы ойынын Аргентинамен өткізіп, 0:1 есебімен есе жіберді.

Кездесу тағдырын шешкен жалғыз голды бірінші таймның аяқталуына 38 секунд қалғанда Аламиро Вапораки соқты.

 

Халықаралық футбол федерациялары қауымдастығының (ФИФА) ресми сайтында жарияланған рейтингінде Қазақстан құрамасы алғаш рет 83-орынға орналасты.

 

Футзалдан Колумбияда өтіп жатқан Әлем Чемпионатында Қазақстан құрамасы екінші ойынын Коста-Рика құрамасымен өткізіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл — біздің құраманың Әлем Чемпионаты тарихындағы алғашқы жеңісі.

 

Футзалдан Қазақстан құрамасы Колумбияда өтіп жатқан Әлем Чемпионатында өз тобындағы соңғы ойында Соломон аралдарын 10:0 есебімен ұтып, алғша рет плей-офф кезеңіне жолдама алды.

 

Қазақстан футбол федерациясы Атқарушы комитетінің шешімімен Әубәкіров Қаныш Қайдарұлы Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы қызметіне тағайындалды. Сонымен қатар, Федерацияның бірінші вице-президенті міндеті де қоса атқарды.

 

2016 жылдың 19 қазан күні Астана қаласында Қазақстан футбол федерациясы Атқарушы комитетінің отырысы өтіп, келесі шешім бекітілді:

 

ҚФФ президенті Ерлан Қожағапановтың білім алу үшін ұзақ уақыт кетуіне байланысты Федерация президентінің міндеті Сейілда Икрамұлы Байшақовқа жүктелді.

 

28 қарашада Астанада Қазақстан футбол федерациясының XIV кезектен тыс сайлау конференциясы өтті. Күн тәртібінде ҚФФ президентін сайлау мәселесі көтерілді. Конференцияның жұмысына федерация мүшелері және Атқарушы комитеттің мүшелері, ҚФФ аппараты, аймақтық футбол федерацияларының делегаттары, БАҚ өкілдері қатысты.

Шара шеңберінде делегаттар Сейілда Байшақовтың кандидатурасы үшін дауыс берді. Дауыс берудің қорытындысы бойынша Сейілда Байшақов 2020 жылдың 28 қарашасына дейінгі мерзімге Қазақстан футбол федерациясының президенті болып сайланды.

 

УЕФА президенті Александр Чеферин Сейілда Байшақовты Қазақстан футбол федерациясының президенті қызметіне тағайындалуымен құттықтады.

 

ФИФА президенті Джанни Инфантино Сейілда Байшақовты Қазақстан футбол федерациясының президенті қызметіне тағайындалуымен құттықтады.

 

«Құрметті Президент, Сіздің Қазақстан футбол федерациясы президенті қызметіне сайлануыңызбен шын жүректен құттықтаймын және барлық жақсылықтарды тілеймін.

 

Сіздің біліміңіз бен тәжірибеңіз еліңізде тамаша ойынның тұрақты дамуына зор ықпал ететіні сөзсіз. Сіз бұл мақсатқа қол жеткізу үшін менің жеке қолдауым мен ФИФА көмегіне сүйене аласыз. ФИФА үйінің есігі футболды талқылау мен оны басқару үшін әрдайым ашық.

 

Сізбен бірге сайланған барлық әріптестеріме менің құттықтауымды жеткізуіңізді өтінемін. Мен сізге жаңа қызметте сәттілік, күш және табыс тілеймін. Сондай-ақ алдағы уақытта Сізбен кездесуді асыға күтемін», — деп жазылған Инфантиноның құттықтау хатында

 

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына Қазақстан футбол федерациясының президенті Сейілда Байшақовқа «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі табыс етілді.