Қазақстандағы футбол маусымы наурыз айының басында Түркістан қаласында өткен еліміздің Суперкубогынан басталды. Турнир жаңа форматта ұйымдастырылды. Трофей үшін алғаш рет «Қайрат», «Астана», «Тобыл» және «Шахтер» таласқа түсті. Барлық матчтар еліміздегі жаңа стадион «Түркістан Аренада» өтті. Алғаш рет Қазақстан Суперкубогын жеңіп алған қостанайлық «Тобыл» шешуші ойында«Астана» командасымен кездесіп, матчтан кейінгі пенальти сериясында жеңіске жетті (1:1, пен. – 5:4).
28 наурызда футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы жаңа бас бапкер Талғат Байсуфиновтың басшылығымен 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңін бастады. Біздің команда D тобында Франция, Украина, Финляндия, Босния және Герцеговинамен бірге болды. Тарихта тұңғыш рет біздің команда әлем чемпионы атағы бар командамен – Франция құрамасымен ойнады. «Астана Аренадағы» матч француздардың жеңісімен аяқталды — 2:0. Мундиалдың іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы сырт алаңда Украина (1:1) және Босния (2:2) құрамаларымен, өз алаңында Украинамен (2:2) тең ойнап, үш ұпаймен топты 5-ші орында аяқтады.
Тамыз айында жағажай футболынан Қазақстан құрамасы Кишинев қаласында (Молдова) Еуролиганың «қоласын» жеңіп алды. Болат Әленовтің жетекшілігімен біздің ойыншыларымыз 5 матч өткізіп, 4 рет жеңіске жетіп, Еуролига Промофиналының элиталық раундына жолдама алды.
«Қайрат» футбол клубы өз тарихында алғаш рет еурокубоктардың топтық кезеңіне жолдама алды. Плей-офф кезеңінің шешуші матчында алматылық команда Люксембург елінің «Фоласын» жеңіп, УЕФА Конференция лигасының күзгі бөлігіне шықты. Алматылықтардың топтық кезеңіндегі қарсыластары әзірбайжандық «Қарабақ», швейцариялық «Базель» және кипрлік «Омония» болды.
6 қазанда «Қайрат» футболдан Қазақстан Кубогын жеңіп алды. Финалдық кездесуде алматылықтар пенальти сериясында қарағандылық «Шахтерді» жеңді (пен. 9:8, негізгі уақыты – 3:3).
Футзалдан Қазақстан құрамасы Литвада өткен әлем чемпионатында төртінші орын алып, тарихтағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді. Рикардо Кака бастаған құрама топтық кезеңде Коста-Рика (6:1), Литва (3:0) және Венесуэламен (1:1) кездесті. 1/8 финалда біздің команда Таиланд құрамасын ойсырата жеңді (7:0), ал ширек финалда қазақстандықтар драмаға толы кездесуде Иранды (3:2) ұтты. Қазақстан құрамасы әлемнің үздік төрт командасының қатарына кіріп, мундиалдың финалына шығуға бір қадам қалғанда біздің футзалистер пенальти сериясында болашақ әлем чемпионы Португалияға жол берді. Қола медаль үшін болған ойында Қазақстан құрамасы Бразилия құрамасынан 2:4 есебімен ұтылды. Турнир қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының көшбасшысы Дуглас Жуниор мундиалдың қола добын иеленді, ал ұлттық құрама шабуылшысы Тайнан 6 гол соғып, турнирдің үшінші бомбардирі атанды. Сондай-ақ, Қазақстан құрамасы әділ ойыны үшін ФИФА-ның «Fair Play» арнайы сыйлығымен марапатталды.
30 қазанда «Тобыл» футбол клубы Қазақстан — 2021 чемпионы атанды. Қостанай командасы 26 ойында 18 мәрте жеңіске жетіп, 7 рет тең ойнады және 1 мәрте жеңіліске ұшырап, жалпы 61 ұпай жинады.