Кітаптың тұсаукесері.
«Қазақстандық футбол: 1913-2003 ж.ж.» анықтамалығының үшінші томының тұсаукесері өтті. Бұл «Қазақстандық футбол: 1913-2003 ж.ж.» анықтамалығының соңғы томы болды. Басылым отандық футболдың төңірегіндегі статистикалық мәліметтермен толық қамтылған.
Құрметті Президент — Н.Ә. Назарбаев.
Қазақстан футбол одағының Атқарушы комитетінің отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан футбол одағының Құрметті Президенті атанды.
Еуропа додасы басталды.
Қазақстан Ұлттық құрамасы өз алаңында Украина құрамасын қабылдап, Әлем чемпионатының еуропалық іріктеу турнирін бастады. Бас бапкер Сергей Тимофеев болды. Бір күн бұрын Ойрат Сәдуовтің жетекшілігімен Қазақстан жастар құрамасы (U-21) Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде алғашқы матчын өткізді.
Йозеф Блаттер — Қазақстанда.
ФИФА президенті Йозеф Блаттер Қазақстанға ресми сапар жасады. Сапар барысында әлемдік футболдың басшысы Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Оралбай Әбдікәрімовпен кездесті. Сонымен қатар, Блаттер мырза Қазақстан футбол одағының президенті Рахат Әлиевпен Талғар қаласындағы (Алматы облысы) футбол алаңы құрылысының алғашқы кірпішін қалады.
Бұл футбол академиясын құрудың бастауы болды. ФИФА президентімен бірге Азия футбол конфедерациясының президенті Мохаммед Бин Хамам, ФИФА президентінің көмекшісі Гай Филипп Мэтью, Азия футбол конфедерациясы президентінің көмекшісі Али Аль-Мешади, ФИФА-ның даму менеджері Ева Паскьер, ФИФА-ның Мәскеудегі өкілі Валерий Чухрий және қоғаммен байланыс бөлімінің менеджері Дэвид Ауссеил келді.
ФИФА марапаты.
ФИФА Қазақстандағы футболды дамыту және өркендетуге қосқан үлесі үшін Қазақстан футбол одағының президенті Рахат Әлиевті жоғары дәрежелі орденмен марапаттады.