Алғашқы қазақ командалары.

Семей қаласында ССК, «Олимп», «Ласточка», «Орлята» және «Ярыш» атты алғашқы қазақстандық командалар пайда болды. Кейбір деректерде аяқ доп ойынын Орталық Азия мен Сібір бойынша ірі сауда орталықтарының бірі саналған Семей қаласына ағылшын саудагерлері алып келгені айтылады.

 

Кезінде «Ярыш» футбол клубының сапында қазақ атын әлемге «Абай жолы» роман-эпопеясымен танытқан әдебиет алыбы Мұхтар Омарханұлы Әуезов (1897 — 1961) ойнаған. Оның өмірлік туындысы қырық сегіз елдің тіліне аударылып, жалпы жиынтығы 2 000 000 данамен таратылған әлемдік әдебиеттің алтын қорындағы құнды шығармалардың бірі.

 

Жас Мұхтармен бірге жасыл алаңға шыққан отандық футболдың қарлығаштары Ахметсәлім Кәрімов (капитан), Қасымхан Мұхаммедов, Салах Хисматуллин, Зиятдин Рыспаев, Мұхаммед Сайдашев, Юнус Нигматуллин, Әміржан Сыздықов, Ғабдулхан Ғаббасов, Мұхамедулла Құрманов, Гусман Ямбушев, Сабыржан Ахмедшин секілді жеткіншектер біздің елде бұл спорт түрінің кең таралуына жол ашты.

 

Семейлік футбол жылнамашысы Евгений Один тапқан деректерге сүйенер болсақ «Ярыш» халықаралық бәсекеге қатысқан алғашқы команда болып есептеледі. Әңгіме «Ярыштың» Семей қаласындағы Бірінші дүниежүзілік соғыс тұтқындарынан жасақталған командаға қарсы өткізген кездесулеріне қатысты. Әскери тұтқындар арасында біздің командаға қарсы 1912 жылғы Олимпиада ойындарының екі қатысушысы ойнаған. Қазақстандық футболдың қарлығаштары алғашқы ойындарын Қазан төңкерісіне дейін күз сайын өткізілетін атақты Семей жәрмеңкесі өтетін алаңқайда өткізіп келді